Міне тағы бір оқу жылы аяқталып, мектептеріміздің түлектері бүгін салтанатты жиында балалықпен, мектеппен қоштасқалы тұр.
Бүгінгі күні кең байтақ Отанымыз Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі білім ордалары-мектептерде 2018-2019 оқу жылының соңғы қоңырау мерекесі өткізілуде.Еңбегін ел мерейін асырауға жұмсаған аяулы ұлдар мен қыздарының даңқын асырған тарихи кезеңдердің айтулы мерекесі, соңғы қоңырау салтанаты біздің мектептерімізге де келіп жетті. Бүгінгі таңда жалпы ауданымызда 2018 – 2019 оқу жылдары бойынша 1-11 сынып оқушылары саны – 27108. Мектеп алды даярлық тобында – 2695. Ал 11-сынып оқушылар саны – 1650. Оның ішінде ҰБТ тапсыратын оқушылар саны – 947 оқушы.
Қымбатты ұстаздар! Құрметті мектеп түлектері! Қадірлі ата - аналар! Әр кезде де мектеп өмірінде ұстаз үшін де, шәкірт үшін де аса қадірлі көрінер, соның ішінде ұстаздың да, шәкірттің де көңілін босатып, жан - жүйесін иер, сөйтіп бір беймаза толқынысқа түсіріп, көңіл құсын аспанға шарықтатар соңғы қоңырау салтанатының орны бөлек екендігі даусыз. Соңғы қоңырау. Қарапайым ғана естiлер осы бір сөзде, шындығына келгенде, қаншама тылсым да мағыналы құдірет жатқандығын аңдаған жан ғана түсінер. Өйткені бұл бала шәкірттің дана ұясынан жез қоңырау үнін соңғы рет есту сәті ғой. Солай десек, соңғы қоңырау балаң түлектің қимас көз жасы, солай десек, соңғы қоңырау талапты шәкірттің болашаққа деген іңкәр арманы, не дегенмен де ол шәкірттік өмірмен "қош - қош" айтқызып, азамат деп аталатын айбынды арғымақты ерттеп мінгізу.
Сіздерді 25-мамыр соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!!!
© Мақтаарал ауданының
білім бөлімі.
|