Бүгін С.Рахымов атындағы № 4 жалпы орта мектебінде Мақтаарал ауданының білім бөлімі мен Мақтаарал ауданы кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Ұстаздар күні мерекесі мен кәсіподақтар күні мерекесіне «Ұстаз аты-биік, әрі мәңгілік» атты салтанатты мерекелік іс-шара болып өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Б. Асанов, аудандық маслихаттың хатшысы Қ. Сарсекбаев,аудан әкімінің орынбасары Б. Төребеков, білім бөлімінің басшысы М. Серикбаев , аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы С. Мелдеханов, Нұр Отан партиясының бірінші орынбасары Асабаев Досым, Мақтаарал аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш. Құрбанбаева, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары ,бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, тәрбие орынбасарлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Мектептің басты тұлғасы, жүрегі - мұғалім. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екені белгілі. Айтулы іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, мерекемен ұстаздар қауымын құттықтады, алғыс хаттар табыстады.
Сіздерді Ұстаздар күні мерекесімен және білім қызметкерлерінің кәсіподағы күнімен аудан жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі" - деді Бақыт Насырханұлы.
Мақтаарал ауданы білім бөлімінің басшысы М. Серикбаев өз сөзінде:
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген, ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы”,- деп өз сөзін қорытындылады және мақтаулы ұстаздарға мақтау қағаздарын табыстады.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білумен қатар, бойындағы бар жинап - терген білімін оқушылардың санасына сапалы етіп сіңіре білген, балалардың білімді, парасатты болып шығуын мақсат еткен Қымбатты да, қадірлі ұстаздар қауымы төл Мерекелеріңіз құтты болсын!