Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің базасында жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған білім додасында ауданымыздың оқушылары да 11 пәннен сынға түсті.
Аламан білім бәйгесіне Мақтаарал ауданының білім беру ұйымдарынан барлық пәндер бойынша аудандық кезеңнің нәтижесінде жеңімпаз атанған 42 оқушы қатысты.
Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі теориялық және тәжірибелік кезеңдер бойынша өткізілді. Облыстық олимпиаданың жеңімпаздары Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің мәжіліс залында салтанатты түрде марапатталды. Оқушыларымыз жоғары теориялық білімдерін көрсетіп, нәтижесінде 26 оқушы І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, 4 оқушы номинация иеленді.
Білім додасының жеңімпаздары, ауданымыздан 4 оқушы, жаратылыстану-математика, гуманитарлық бағыттағы пәндерден наурыз айында Қарағанды және Талдықорған қаласында өтетін олимпиданың республикалық кезеңінде білімдерін сарапқа салады деп күтілуде.
Мақтааралдың мақтаныштары, аламан білім бәйгесінің жүйріктері, олимпиаданың республикалық кезеңінде де озық нәтиже көрсететініне сенім білдіреміз.
|