2020 жылдың 28 тамыз күні Мақтаарал ауданының білім бөлімінің дәстүрлі аудандық педагогикалық тамыз кеңесі zoom платформасында ұйымдастырылды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Серикбаев Муратбек Тулапұлы ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, кеңесті салтанатты түрде ашып берді.
Тамыз кеңесінің алғашқы сөзін аудан әкімі Асанов Бахыт Насырханұлы бастады. Бахыт Насырханұлы баяндамасында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайларға байланысты ұстаздардың еңбегі ерекше екенін айтып, оларға өз алғысын білдірді. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін ғаламат құндылық екенін айтты.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес ауданымызда жаңа оқу жылына дайындық бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғандығын мәлімдеді.
Биылғы, жаңа оқу жылындағы негізгі басымдық білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру болып отырғандығын атап өтті.
Балалардың денсаулығы – ең басты мәселе екенін айтып, оған жауапты тұлғаларды атап, мектептердегі балаларды оқыту тәртібін нақтылап, қауіпсіздік шараларын сақтауды міндеттеді.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің басшысы Серикбаев Муратбек Тулапұлы өз баяндамасында өткен оқу жылының жетістіктерін қортындылап, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстардың ұсыныстарын атап көрсетті.
Яғни, білім беру саласында балалардың денсаулығына, тәрбие беру мен оқытуға, балалардың сауаттылығына, педагогтердің кәсібилігіне, білім сапасына, балалардың қауіпсіздігіне, қосымша білім беруге байланысты көптеген мәселелер туралы айтып талқылады.
Сонымен бірге аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Сейіткерім Мелдеханов қашықтан білім беруге қолдау көрсету, ата-аналардың басты міндеті тақырыбында жарыссөзге шықты.
2019-2020 оқу жылының қорытындысы нәтижесінде білім саласындағы бірнеше педагогтарға онлайн режимінде марапаттаулар жасалды.
Кеңес соңында ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
|