1 мамыр - Қазақстан Халықтарының Бірлігі күні
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Бүгін Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлап жатыр. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Бақыт Асанов аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
“Бүгінгі күні біздің Мақтаарал ауданында да бірнеше ұлт өкілдері ынтымақпен, бірлікпен өмір сүруде. Барлық этномәдени орталықтардың өз салт-дәстүрлерін сақтап, жаңғыртуына, тілін, мәдениеті мен әдебиетін дамытуына жағдай жасалған. Бірнеше жылдан бері Атакент қалашығында “Достық” мәдениет үйі жұмыс істейді. Аудандағы барлық этностар мемлекеттік айшықты мерекелерге белсене қатысуда. Біздің киелі Мақтааралымыз – түрлі ұлт өкілдерінің алтын шаңырағына айналып отыр деп айта аламын” – деді Бақыт Насырханұлы.
|