Мақтааралда «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалғанда 2017 жылғы 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде дәстүрлі «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын өткізетінін жариялайды.
Аталған шара биылғы оқу жылында «Менің таңдауым - балаларға көмек көрсету» ұранымен өтеді. Мақтаарал ауданында да ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы басталды. Осы жылдың тамыз және қыркүйек айларында ұйымдастырылатын шараның мақсаты - аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу. Республикалық «Мектепке жол» акциясына барлық деңгейдегі мекеме басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар сондай-ақ, мектеп басшылары атсалыса алады.
Еліміздің барлық азаматтарын, бизнесмендерді, кәсіпкерлерді, меценаттарды акцияға қосылуға және қиын жағдайға тап болған балаларға, отбасыларға көмек көрсетуге, сондай-ақ мектепке өз жолын табуға қол үшін беруге шақырамыз.
Барлық акцияға қосылуға тілек білдірушілерге Мақтаарал ауданының білім бөлімінің телефонына – 8 (72541) 21-0-50 сондай-ақ аудан көлеміндегі білім беру ұйымдарына хабарласуыңызды сұраймыз.
Жыл сайынғы өткізіліп жатқан осынау шараға демеушілер мен меценаттар тарапынан көрсетілген көмектер мен қолдаулардың үлесі зор.
|